BIS жобасы аясында Астана қаласы №109 орта мектебінің
7 «Ә» сынып оқушысы Жиенбаева Лейла
《Анамның алақаны – жылулық мекені》тақырыбында жазған өз эссесін ұсынады.
Әр адамның өмірінде ерекше, орны бөлек жан болады. Ол – ана. Ана – бізге өмір сыйлаған, ақ сүтін беріп өсірген, әрдайым қамқорлық пен мейірімін аямайтын ең жақын адам. Сондықтан мен үшін дүниедегі ең жылы, ең мейірімді, ең қауіпсіз мекен – анамның алақаны.
Анамның алақаны кішкентай ғана болып көрінгенімен, оның ішінде шексіз мейірім мен махаббат бар. Бала кезімде сүрініп құлап қалсам, анамның алақаны мені жұбатып, басымнан сипап, жүрегіме тыныштық сыйлайтын. Сол кезде барлық ауырсынуым басылып, өзімді қорғанышта тұрғандай сезінетінмін. Анамның алақаны – мен үшін жұбаныш пен жылулықтың белгісі.
Анамның алақаны тек еркелетіп, жұбатумен ғана шектелмейді. Сол алақанмен анам бізге дәмді тағам әзірлейді, киімімізді жуып, үйімізді таза ұстайды. Күн сайын тынымсыз еңбек етіп, отбасының амандығы үшін бар күшін салады. Кейде анам шаршаса да, біз үшін күлімдеп жүретінін байқаймын. Сол кезде анамның алақанында тек мейірім ғана емес, үлкен еңбек пен төзім бар екенін түсінемін.
Мен кейде анамның қолына қарап отырып, ойға батамын. Осы алақан мені кішкентай кезімнен жетелеп, алғашқы қадамдарымды жасауға көмектесті. Мектепке алғаш барған күнімде де анам қолымнан ұстап, маған сенім мен батылдық берген еді. Сол себепті анамның алақаны мен үшін тек жылулық емес, өмір жолындағы сенімді тірек.
Ана – отбасының жүрегі, үйдің шуағы. Ана бар жерде мейірім бар, береке бар, бақыт бар. Қазақ халқы да ананы ерекше құрметтеген. «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл – ананың еңбегі мен мейірімінің шексіз екенін білдіреді.
Сондықтан біз ананың қадірін біліп, оны әрқашан құрметтеуіміз керек. Анамызға деген алғысымызды тек сөзбен ғана емес, жақсы оқуымызбен, жақсы ісімізбен, тәртіпті болуымызбен көрсетуіміз қажет.
Мен анамды шексіз жақсы көремін. Оның мейірімді жүрегі мен жылы алақаны мен үшін әрқашан қауіпсіздік пен бақыттың мекені болып қала береді. Өйткені анамның алақаны – менің өмірімдегі ең жылы мекен.
KZ


