Skip to content

Мектебімізде «Еркін сөз» дебат клубы табысты жұмыс жүргізудеМектебімізде оқушылардың сыни ойлауын, шешендік өнерін және азаматтық ұстанымын дамытуға бағытталған «Еркін сөз» дебат клубы белсенді жұмысын жалғастырып келеді.

Клубқа 7–10 сынып оқушылары қатысып, қазіргі таңда үйірмеге 17 оқушы тұрақты түрде қатысуда. Үйірмеге жетекшілік ететін — педагог Кистаубаева Н.Б.
Дебат клубының негізгі мақсаты — оқушыларды өз ойын еркін жеткізуге, пікірін дәлелді түрде қорғауға және өзгелердің көзқарасын құрметтеуге үйрету. Сабақ барысында қатысушылар логика, аргументация, риторика және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын меңгереді.
Үйірме жұмысы үш бағытта ұйымдастырылған. Қазақ лигасы — «Дәлел дауылы», орыс лигасы — «Ультиматум», ал ағылшын лигасы — «Axiom» атауымен жұмыс істейді. Бұл оқушылардың бірнеше тілде еркін пікірталас жүргізуіне мүмкіндік беріп отыр.
Апта сайын өтетін дебат сабақтарында қатысушылар классикалық және экспресс-дебаттар, пікірталастар, рөлдік ойындар мен өмірлік жағдайларды талдау арқылы тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар, клуб жұмысына тыныс алу гимнастикасы мен актерлік шеберлік элементтері енгізілген. Арнайы жаттығулар оқушылардың сахнада өзін еркін ұстауына, дауысын дұрыс қоюына және көпшілік алдында сенімді сөйлеуіне көмектеседі.
Клуб мүшелері қоғамдағы өзекті тақырыптарды талқылайды. Атап айтқанда, жасанды интеллект, әлеуметтік желілердің әсері, буллинг, білім мен болашақ, әділдік пен адамгершілік мәселелері бойынша пікірталастар ұйымдастырылған. Мұндай тақырыптар оқушылардың азаматтық позициясын қалыптастыруға және әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамауға ықпал етеді.
Үйірме аясында тек дебаттар ғана емес, сонымен қатар мәдени-танымдық іс-шаралар да өткізіледі. Оқушылар квест-клубтарға, театрларға, кинотеатрлар мен антикафелерге барып, бейресми ортада қарым-қатынас жасау мәдениетін дамытып келеді.
«Еркін сөз» клубының жетістіктері де аз емес. Биылғы оқу жылында клуб мүшелері қалалық деңгейдегі бес турнирге қатысып, олардың бірінде жүлделі І орынды иеленді. Сонымен қатар, клубтың өз кабинеті, арнайы шарфтары және TikTok пен Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшалары бар.
Мұғалімдердің айтуынша, дебат технологиялары бүгінде сабақ барысында да тиімді қолданылып жүр. Әсіресе, орыс тілі мен әдебиеті сабақтарында пікірталас элементтері оқушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Клуб жұмысының нәтижесінде оқушылардың өзіне деген сенімі артып, ойды жүйелі жеткізу, қарсы пікірге құрметпен қарау және топпен жұмыс істеу қабілеттері айтарлықтай дамыған. Сонымен қатар, кейбір оқушылардың оқу үлгерімінің жақсарғаны да байқалады.
Алдағы уақытта «Еркін сөз» дебат клубы оқушыларды жаңа турнирлерге дайындап, көшбасшылық қасиеттерін дамыту мен қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылау арқылы белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру бағытында жұмысын жалғастырмақ.