Skip to content

Мектеп туралы

Астанада 2025 жылдың қаңтар айында «Келешек мектептері» пилоттық жобасы аясында бой көтерген «№109 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ пайдалануға берілді. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп әзірлеген жоба аясында салынған бұл оқу орны заманауи инфрақұрылымымен, қауіпсіздік жүйелерімен және цифрлық білім беруді қолдауға бағытталған шешімдерімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда мектепте 1350 білім алушы оқиды.

Қауіпсіздік пен жайлылық – басты назарда

Жобалық қуаттылығы 2000 оқушыны құрайтын мектепте білім алушылардың жан-жақты дамуына толық жағдай жасалған. Ғимарат ішінде және мектеп аумағында орнатылған 184 бейнебақылау камерасы қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.

Кең дәліздер мен жарық сыныптар оқушылардың еркін  қозғалуына мүмкіндік береді. Пән кабинеттері мен зертханалар жаңа модификациядағы техникамен жабдықталған. Бұл оқытудың тәжірибеге бағытталған жаңа форматын жүзеге асыруға жасалған маңызды қадам.

Мектепте 428 орындық мәжіліс залы, педагогтерге арналған үш қызметтік кабинет, коворкинг аймақтары және STEM зертханасы жұмыс істейді. Әр оқу кабинетінде алғашқы медициналық көмекке арналған жеке қобдиша бар.

Жаңа мектептің басты артықшылықтарының бірі – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған толыққанды кедергісіз ортаның қалыптасуы. Арнайы сабақ бөлмелері, сенсорлық кабинет, пандустар, тактильді бағыттаушылар, кең лифтілер және жабдықталған санитарлық тораптар инклюзивті білім беруді қолдауды қамтамасыз етеді.

Педагогикалық әлеует

Мектебіміздің педагогикалық құрамы тиісті заңнамаға сәйкес жасақталған. Оқу жылының басында 102 мұғалім қызметке қабылданды. Оның ішінде:
– 18 педагог-шебер және педагог-зерттеуші,
– 22 педагог-сарапшы,
– 26 педагог-модератор,
– 36 педагог.

Мектептің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін 20 техникалық қызметкер жұмыс істейді.

Оқушылардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, олардың азаматтық, рухани-адамгершілік және әлеуметтік құзыреттерін қалыптастыру – мектептің басты мақсаты.

Мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылады. Мектептің бірыңғай визуалды стандарты – брендбукі әзірленіп, ішкі кеңістік ұлттық құндылықтар мен тәрбиелік мазмұнды бейнелейтін ортаға айналдырылған.

Тәрбие жұмысы сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды өзара сабақтастыра отырып жүзеге асырылады. «Адал азамат» бағдарламасы аясында төмендегі алты жоба іске асуда:
«Қамқор» – экология және волонтерлік;
«Еңбегі адал – жас өрен» – еңбекке баулу және кәсіби бағдар;
«Smart Bala» – IT және инновациялық ойлау;
«Шабыт» – өнер және рухани даму;
«Ұшқыр ой алаңы» – пікірсайыс және зияткерлік ойындар;
«Балалар кітапханасы» – оқу сауаттылығы мен кітап мәдениеті.

«Смартфонсыз мектеп» бастамасы

Оқу сапасын арттыру және тәртіп мәдениетін нығайту мақсатында мектепте «Смартфонсыз мектеп» жобасы енгізілді. Бұл бастама оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасап, буллингтің, құқықбұзушылықтың және қауіпті жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен бірге «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» сияқты қауіпсіздікке бағытталған жобалар тұрақты түрде жүргізіледі. Әр дүйсенбіде мектеп инспекторы және құқық қорғау органдары өкілдерімен бірге «Қауіпсіздік сағаты» өткізіледі.

Экологиялық және әлеуметтік бастамалар

Мектепте экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында:
• «ЭкоКүн», «Жасыл мектеп» акциялары;
• қалдықтарды сұрыптау, ағаш отырғызу, сенбіліктер;
• химия-биология бағытындағы экопроекттер жүзеге асырылады.

Оқушылар үшін қауіпсіздік апталығы, спорттық-сауықтыру күндері, шығармашылық фестивальдер тұрақты ұйымдастырылады.

Апталық құндылық күндері

Дүйсенбі – Әдеп күні
• сөйлеу мәдениеті, әдеп әңгімелері, оқушы мәдениеті
• құрмет көрсету акциялары

Сейсенбі – Денсаулық күні
• спорттық шаралар, денсаулық күндері
• дұрыс тамақтану және гигиена туралы ақпарат

Сәрсенбі – Кәсіби күн
• мамандықтар әлемімен танысу
• түрлі сала мамандарымен кездесулер

Бейсенбі – Тазалық күні
• сынып және мектеп аумағын жинау
• экологиялық іс-шаралар

Жұма – Ұлттық күн
• ұлттық ойындар, өнер сабақтары
• салт-дәстүрді насихаттау, тарихты дәріптеу

Ата-аналарды қолдау

Ата-аналармен жұмыс – мектебіміздің маңызды бағыты. Бұл бағыт ата-аналардың тәрбиелік әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Бағдарлама аясында:

  1. Ата-аналар жиналыстары
  2. Психологиялық тренингтер
  3. Ашық есік күндері
  4. Отбасы мен мектеп серіктестігі
  5. Ақпараттық қолдау
  6. Әлеуметтік-психологиялық көмек жүзеге асырылады.

Жобалар мен үйірмелер

Мектебіміздің ұстаздары мен оқушылары   STEAM.kz білім беру платформасымен жұмыс жасауда. 2025-2026 оқу жылының басында   педагогтер платформа мүмкіндіктерін тиімді қолдану және оқу үдерісіне интеграциялау мақсатында арнайы оқыту семинарларынан өтті. Семинар барысында мұғалімдерге платформаның мүмкіндіктері, жоба құрылымы және оқу үдерісіне интеграциялау жолдары толық түсіндірілді. Оқыту сессияларын ұйымдастырудың негізгі мақсаты – цифрлық құралдарды тиімді пайдалану арқылы сабақ сапасын арттыру және оқушының зерттеушілік әлеуетін дамыту.

STEAM жобалары – өмірлік жағдаяттарға негізделген практикалық тапсырмалар арқылы оқытуды көздейтін заманауи әдіс. Платформада бүгінгі таңда 200-ден астам жоба ұсынылған. Олар жаратылыстану, математика, технология және өнер пәндерін біріктіре оқытатын интеграциялық модельге негізделген. Мұндай жобалар оқушылардың сыни ойлауын, шығармашылық қабілетін, командамен жұмыс істеу және коммуникация дағдыларын дамытады. Сонымен қатар теориялық білімнің күнделікті өмірде қалай қолданылатынын көрсетуге мүмкіндік береді.

STEAM.kz жүйесін мектеп тәжірибесіне енгізу – оқыту үдерісін заманауи талаптарға бейімдеп, оқушылардың ғылыми-шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Цифрлық трансформация: жаңа мүмкіндіктер. Мектеп жұмысының маңызды бағыты – цифрлық білім беру платформаларын енгізу. Оқу үдерісіне бірнеше халықаралық және отандық жүйе пилоттық режимде енгізіліп отыр. Соның бірі Цифрлық Kumon әдістемесі. Жапонияда әзірленген және әлемнің 60-тан астам елінде қолданылатын Kumon әдісі мектепте цифрлық форматта жүзеге асады. Аталған жобаға «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры, Kumon Institute of Education Co., Ltd., сондай-ақ Chevron Munaigas Inc. пен INPEX North Caspian Sea, Ltd. компаниялары қолдау көрсетуде. Әдістеме оқушылардың жеке қарқынмен білім алуына мүмкіндік беріп, цифрлық тапсырмалар арқылы оқушының аналитикалық ойлау дағдысын қалыптастыруға бағытталған.

OQ.AI жасанды интеллект платформасы 18 қарашадан бастап,  7–8 сыныптарда сынақтан өткізіліп жатыр. Жоба жасанды интеллект көмегімен оқу процесін жекелендіруге, оқушылардың белсенділігін арттыруға және оқу нәтижелерін деректік негізде бағалауға мүмкіндік береді.

«Келешек мектептері» жобасы аясында ағылшын тілін оқытуда халықаралық EF Education First ұйымының Efekta платформасын қолдану жоспарлаунуда. Жасанды интеллектке негізделген жүйе тыңдалым, оқылым, жазылым және ауызша сөйлеу дағдыларын жеке траектория бойынша дамытуға жағдай жасайды. Платформа ISO 21001 және ISO 9001 халықаралық стандарттарына сай деректер қауіпсіздігін толық қамтамасыз етеді.

Мектепте оқушылардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған үйірмелер кеңінен ашылған. Оның ішінде: тоғызқұмалақ, шахмат, бес асық, баскетбол, волейбол, сондай-ақ би, хор, домбыра, робототехника үйірмелері.

Шешендік дағдысы бар оқушылар үшін «Дебат» клубы жұмыс істейді.

Астанада ашылған жаңа келешек мектептері – еліміздің білім беру жүйесін жаңғырту жолындағы нақты қадамдардың бірі. Қауіпсіз, инклюзивті, цифрлық әрі жайлы орта – бүгінгі оқушының талап-тілегіне толық жауап береді.

«Көркем ару» атты қыздарға арналған дамыту жобасы белсенді түрде жүргізілуде. Жобаға қатысушы жеткіншек қыздар арнайы ұйымдастырылған тренингтерге, әңгімелесу сессияларына, практикалық және шығармашылық жұмыстарына қатысып, өз қабілеттерін жан-жақты дамытуға мүмкіндік алып отыр.

Жобаның негізгі бағыттары:

Өзін-өзі тану: қыздардың өз эмоциясын түсініп, ішкі мүмкіндіктерін ашуына жағдай жасалуда.

Өзіндік сенімділікті арттыру: арнайы психологиялық жаттығулар арқылы қатысушылардың өзіне деген сенімі нығайып келеді.

Тұлғалық даму: қатысушылар өмірлік мақсат қою, шешім қабылдау, жауапкершілік сезімін қалыптастыру дағдыларын меңгеруде.

Эстетикалық мәдениет: әсемдікке, сұлулыққа, ұқыптылыққа үйрететін шығармашылық сабақтар өткізіліп жатыр.

Эмоционалдық тұрақтылық: қыздарға эмоцияны басқару, стресс жағдайында әрекет ету жолдары түсіндіріледі.

Қазіргі жүргізіліп жатқан жұмыстар:

психологиялық тренингтер мен топтық жаттығулар;

мотивациялық әңгімелер мен пікір алмасу кездесулері;

өзін-өзі дамытуға арналған тапсырмалар;

шығармашылық жұмыстар (сурет салу, арт-терапия, эссе жазу, топтық жоба құрастыру);

тәжірибелік ойындар мен коммуникативтік жаттығулар.

Жобаға жауапты психолог маман қыздардың әрқайсысымен жұмыс жүргізіп,

өз-өзіне сенімін күшейтуге,

мінез-құлық, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға,

қоғамда өз орнын табуына,

болашаққа мақсат қоюына бағытталған кәсіби көмек көрсетуде.

 

«Келешек мектептері» жобасы аясында іске асқан бұл білім ордасы қаланың ғана емес, елдің де білім беру инфрақұрылымын дамытуға үлес қосатын іргелі нысанға айналмақ.